Қазақстандық теннисші Юлия Путинцева Қытайдың Нинбо қаласында өтіп жатқан WTA-500 санатындағы турнирдің іріктеу кезеңінің финалына жолдама алды. Ол алғашқы матчында Қытай өкілі Ихань Куды жеңді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Әлемдік рейтингте 1018-орында тұрған қытайлық теннисшіге қарсы кездесуде Путинцева алғашқы сетте айқын басымдық танытты. Қазақстандық спортшы қарсыласының доп беру кезіндегі екі ойынын ұтып, партияны 6:1 есебімен аяқтады.
Екінші сетте кездесу тартысты өрбіді. Теннисшілер бір-бірінің доп беруін бұзып, тай-брейкке дейін жетті. Шешуші сәтте Путинцева қарсыласына бірде-бір ұпай бермей, 7:0 есебімен жеңіске жетті. Осылайша, матч қазақстандық теннисшінің пайдасына 6:1, 7:6 (7:0) есебімен аяқталды.
Енді Юлия Путинцева турнирдің негізгі кезеңіне шығу үшін іріктеу финалында бақ сынайды. Оның келесі қарсыласы америкалық Алисия Паркс пен бельгиялық Желин Вандром арасындағы кездесуден кейін анықталады.
Нинбодағы турнирдің жалпы жүлде қоры 1,2 миллион АҚШ долларын құрайды. Жарыстың негізгі кезеңінде Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина да өнер көрсетуі тиіс. Ол былтыр осы турнирдің жеңімпазы атанған.