$ 452.12 € 508.95 ₽ 5.41

Жәнібек Әлімханұлы мен Якоб Банк арасындағы жекпе-жек күні жарияланды

Бұған дейін The Ring басылымы кездесудің 2026 жылғы желтоқсанда Копенгагенде өтетінін жазған еді.

Фото: tengrisport.kz
Фото: tengrisport.kz

Даниялық Primetime Boxing промоутерлік компаниясы қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы мен жергілікті боксшы Якоб Банк арасындағы жекпе-жектің өтетін күні мен орнын жариялады. Екінші орта салмақта WBO чемпионы атағы сарапқа салынады,  деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Бұған дейін The Ring басылымы кездесудің 2026 жылғы желтоқсанда Копенгагенде өтетінін жазған еді. Алайда Якоб Банктің промоутерлік компаниясы жекпе-жектің 2027 жылғы 23 қаңтарда Данияның Хорсенс қаласында ұйымдастырылатынын мәлімдеді.

Бокс кешіне билеттер 28 қазанда сатылымға шығады. Ұйымдастырушылар жақын арада андеркардқа қатысатын боксшылардың есімдерін жариялауды жоспарлап отыр.

Бұл жекпе-жек Жәнібек Әлімханұлы үшін жаңа салмақ дәрежесіндегі алғашқы сынақ болмақ. Қазақстандық боксшы супер орта салмақта WBO чемпионы атағы үшін жұдырықтасады.

Әлімханұлы соңғы рет 2025 жылғы сәуірде Астанада өткен турнирде рингке шығып, француз боксшысы Анауэль Нгамессингені нокаутпен жеңген болатын.

Одан кейін қазақстандық боксшы орта салмақтағы үшінші чемпиондық белбеу үшін Эрисланди Ларамен кездесуі керек еді. Алайда допингке қатысты дау салдарынан жекпе-жек өтпей қалды. Кейін Әлімханұлы дисквалификация мерзімін өтеп, жоғары салмақ дәрежесіне ауысты.

Айта кетейік, супер орта салмақтағы WBO чемпионы болған Хамза Шираз Жәнібек Әлімханұлы міндетті үміткер ретінде белгіленгеннен кейін чемпиондық белбеуден бас тартқан еді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0