20.10.2026, 11:40

«Ақтөбе» футбол клубы дауға қалған жанкүйер қыздардың айыппұлын төлейтін болды

Фото: Видеодан скрин

Жанкүйерлердің әрекеті қоғамды екіге бөлді.

«Ақтөбе» клубы дауға қалған алты жанкүйер қыздың айыппұлын төлеп беретін болды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Бұл шешім әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр.

Клуб Instagram парақшасында соңғы матчта болған оқиғаға қатысты екі мәлімдеме жариялаған. Алғашқы жазбасында команда футболдағы өзара құрмет пен ұлтаралық татулықты қолдайтынын жеткізген. Ал бір сағаттан кейін дауға іліккен алты жанкүйер қыздың айыппұлын өз мойнына алатынын мәлімдеді.

Оқиға сенбі күні «Ақтөбе» мен шымкенттік «Ордабасы» командалары арасындағы матчтан кейін болған. Өз командасының жеңілісіне наразы болған кейбір жанкүйерлер төрешіні балағаттап, қарсылас командаға қарата «Өзбектер!» деп айқайлаған.

Бұған қоса, трибунада отырған мектеп оқушыларының қолынан арандатушылық сипаттағы «NO SHYMSIDE, NO TEXAS FANS!» деген жазуы бар плакат байқалған. Сондай-ақ плакаттың жанында Өзбекстан туына ұқсас сурет болған.

Осы жағдайдан кейін полиция мектеп оқушыларының ата-аналарына айыппұл салып, қыздардың өздерімен түсіндіру жұмыстарын жүргізген.