21.10.2026, 14:40

Қазақстан қоржынына тағы бір алтын: Жұрқамырза Шүкірбеков чемпион атанды

Фото: parateam.kz

Жартылай финалда қазақстандық спортшы Иран өкілі Амирхоссейн Нимрузи Навохидимен белдесті 

Қазақстандық пара дзюдошы Жұрқамырза Шүкірбеков Жапонияда өтіп жатқан V Азия Пара ойындарында алтын медаль жеңіп алды. Ол финалда Иран спортшысын қосымша уақытта жеңіп, құрлықтық ойындардың чемпионы атанды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

21 қазанда Қазақстан құрамасының қоржыны тағы бір алтын медальмен толықты. Жұрқамырза Шүкірбеков пара дзюдодан J2 санатында 95 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өнер көрсетті.

Жартылай финалда қазақстандық спортшы Иран өкілі Амирхоссейн Нимрузи Навохидимен белдесті. Кездесу 2 минут 50 секундқа созылып, Шүкірбеков қарсыласын иппон әдісімен жеңді.

Алтын медаль үшін өткен шешуші белдесуде Жұрқамырза Шүкірбеков Иранның тағы бір өкілі Мохаммадреза Хейроллахзаде Варзимен кездесті.

Төрт минутқа созылған негізгі уақытта екі спортшы да жеңіске жете алмады. Сондықтан белдесу қосымша уақытқа жалғасты. Осы сәтте қазақстандық пара дзюдошы юко бағасын алып, қарсыласынан басым түсті.

Осылайша, Жұрқамырза Шүкірбеков V Азия Пара ойындарының алтын медаль иегері атанды.

Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық пара дзюдошылар Ақтолқын Сейілбекова мен Зарина Раифова да құрлықтық ойындарда алтын медаль жеңіп алған болатын.