23.10.2026, 14:20

Қазақстан құрамасы волейболдан Азия Пара ойындарының күміс жүлдегері атанды

Фото: kazparavolley

Алғашқы сет 25:19, екіншісі 25:13, үшіншісі 25:12 есебімен аяқталды.

Қазақстанның ерлер құрамасы Жапонияда өтіп жатқан V Азия Пара ойындарында отырып ойнау волейболынан күміс медаль иеленді. Финалда отандастарымыз Иран құрамасынан жеңіліп қалды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

23 қазанда Айчи-Нагоя қаласында өткен финалдық кездесуде Қазақстан мен Иран құрамалары чемпиондық атаққа таласты. Бұған дейін қос команда топтық кезеңде де өзара ойнаған еді.

Шешуші матчта Иран спортшылары үш партияның барлығында басымдық танытты. Алғашқы сет 25:19, екіншісі 25:13, үшіншісі 25:12 есебімен аяқталды. Нәтижесінде Иран құрамасы 3:0 есебімен жеңіске жетіп, турнир чемпионы атанды.

Қазақстандық волейболшылар финалға дейін сәтті өнер көрсетті. Топтық кезеңде Таиланд құрамасын жеңген отандастарымыз жартылай финалда Ирак спортшыларымен кездесті.

Бұл матчта Қазақстан құрамасы алғашқы екі партияда жеңіліп, 0:2 есебімен артта қалды. Алайда спортшыларымыз жігер танытып, қатарынан үш сетте жеңіске жетті. Осылайша, Ирак құрамасын 3:2 есебімен ұтып, финалға шықты.

Финалдық кездесуде Иранға жол берген Қазақстан құрамасы V Азия Пара ойындарын екінші орынмен аяқтады. Осылайша, отандастарымыз отырып ойнау волейболынан құрлықтық додада күміс медаль жеңіп алды.