Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Азия ойындары мен Азия параойындарында жоғары нәтиже көрсеткен спортшыларды мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы жарлыққа қол қойды. Марапат иегерлерінің қатарында жеңіл атлетикадан сынға түскен Ясмина Тоқсанбаева да бар, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Спортшы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Мемлекет басшысының 9 қарашада жарияланған жарлығында Тоқсанбаева марафондық қашықтыққа қатысушы ретінде көрсетілген. Алайда оның Азия ойындарының жүлдегері екені айтылмаған.
Ясмина Тоқсанбаеваның есімі биыл Жапонияда өткен Азия ойындарында болған даулы оқиғадан кейін кеңінен талқыланды. 27 қыркүйекте ол 42,195 шақырымдық спорттық жүрісте 3 сағат 22 минут 20 секунд нәтиже көрсетіп, мәреге бірінші болып жеткен еді. Алайда жарыстан кейін спортшы пайдаланған аяқ киім үлгісі World Athletics ұйымы бекіткен тізімде жоқ екені анықталды. Соның салдарынан оның нәтижесі есепке алынбай, алтын медаль Қытай спортшысына берілді.
Қазақстан жеңіл атлетика федерациясы жарыс басталғанға дейін спортшының аяқ киімі тексеріліп, жарысқа қатысуына рұқсат берілгенін мәлімдеген. Федерация нәтижеге қатысты наразылық пен шағым жолдағанын хабарлап, даудың қалай шешілетініне қарамастан, Тоқсанбаеваға бірінші орын үшін берілетін сыйақыны төлеуге уәде еткен.