13.11.2026, 16:20

Жібек Құламбаева Колумбиядағы турнирдің жартылай финалына шықты

Фото: ҚТФ

Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева словениялық Вероника Эрьявецпен бірге Колумбияның Сопо қаласында өтіп жатқан WTA-125 турнирінің жұптық сыны бойынша жартылай финалға жолдама алды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Ширек финалда қазақстандық-словениялық жұп аустралиялық Теника Макгиффин мен Александра Осборнға қарсы ойнап, 6:2, 6:2 есебімен жеңіске жетті.

Құламбаева мен Эрьявец алғашқы сетте басымдықты бірден өз қолдарына алып, қарсыластарына небәрі екі гейм берді. Екінші партияда да осы нәтижені қайталап, кездесуді екі сетте аяқтады.

Енді қазақстандық теннисші мен оның серіктесін жартылай финалда америкалық Рашида Макаду мен Анна Роджерс күтіп тұр. Олар ширек финалда бельгиялық София Костулас пен америкалық Аллура Замаррипаны 1:6, 6:4, 10:5 есебімен жеңген.

Айта кетейік, Соподағы WTA-125 турнирі 9–14 қараша аралығында ашық грунт төсенішінде өтіп жатыр. Жарыстың жалпы жүлде қоры – 115 мың АҚШ доллары.