Халықаралық бокс федерациясы (World Boxing) күзгі ірі халықаралық турнирлер сериясының қорытындысы бойынша әлемдегі ең мықты боксшылардың жаңартылған рейтингін жариялады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Қазақстан құрамасы әлемдік әуесқой бокста үздіктер қатарындағы мәртебесін сақтап қалды: төрт отандық спортшы өз салмақ дәрежесінде бірінші орынды иеленіп отыр, ал тағы төртеуі екінші орында.
Жаңа рейтингіде төрт отандасымыз өз салмақ дәрежелерінде көш бастап тұр. Олар: Санжар Тәшкенбай (50 келі), Төрехан Сабырхан (70 келі), Наталья Богданова (70 келі) және ауыр салмақтағы Айбек Оралбай (90 келіден жоғары).
Сонымен қатар Махмұд Сабырхан (55 келі), Назым Қызайбай (48 келі) және Аида Әбікеева (65 келі) екінші орынға жайғасты. Жазғы Азия ойындарының қола жүлдегері Алуа Балқыбекова (51 келі) бір саты жоғарылап, рейтингінің екінші сатысына шықты. Дина Исламбекова (80 келіден жоғары) мен Нұрбек Оралбай (85 келі) үздік үштікті түйіндеп отыр.
Федерацияның мәліметі бойынша, Қазақстан мен Өзбекстан ерлер арасындағы салмақ дәрежесіндегі алғашқы он орынның сегізінде көш бастаған.
Қазіргі рейтинг ұйым тарихындағы алтыншы болып есептеледі және боксшылардың екі жылдық циклдегі — 2024 жылдың қарашасынан 2026 жылдың қазанына дейінгі, соның ішінде Азия ойындары, Софиядағы Еуропа чемпионаты және Пуэбладағы Пан-Америка чемпионатындағы нәтижелерін қамтиды. Жаңартылған рейтингілер алдағы апталарда тікелей практикалық маңызға ие болады.
Сонымен қатар 26 қараша мен 4 желтоқсан аралығында Ташкентте өтетін бокстан әлем кубогының финалына қатысушыларды іріктеу үшін пайдаланылады.