16.11.2026, 18:20

19 жастағы қазақстандық футболшы құрамадағы ең қымбат ойыншы атанды

Фото: Qfootball.kz

Бұл сома қазіргі бағаммен шамамен 1,2 миллиард теңгені құрайды.

Қазақстан құрамасы мен «Ордабасы» клубының жас шабуылшысы Жасұлан Әмірдің трансферлік құны бірден 2 миллион еуроға қымбаттады. Transfermarkt порталының жаңартылған мәліметіне сәйкес, 19 жастағы футболшының нарықтық бағасы 2,5 миллион еуроға жетті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Бұл сома қазіргі бағаммен шамамен 1,2 миллиард теңгені құрайды. Ал футболшының трансферлік құнының өсуі теңгеге шаққанда шамамен 985 миллион теңгеге тең.

Айта кетейік, бүгін Жасұлан Әмір мен Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасының биылғы маусымындағы соңғы кездесуін өткізеді. Ал ұлттық құрама сапында осы матчқа қатысуы мүмкін ойыншылардың арасында Әмір ең қымбат футболшы саналады. Себебі одан жоғары бағаланатын Максим Самородов пен Дастан Сәтпаев бұл ойынға қатыса алмайды.

Қазақстан құрамасындағы ең қымбат футболшылар:

Дастан Сәтпаев – 5 миллион еуро;

Максим Самородов – 4 миллион еуро;

Жасұлан Әмір – 2,5 миллион еуро;

Нұралы Әліп – 2 миллион еуро;

Бахтиер Зайнутдинов – 2 миллион еуро;

Ислам Чесноков – 1,2 миллион еуро;

Темірлан Анарбеков – 1,2 миллион еуро.

Сонымен қатар Жасұлан Әмір Қазақстан Премьер-лигасындағы ең қымбат футболшы атанды. Transfermarkt бағалауынша, онымен бірдей нарықтық құнға «Астана» клубының жартылай қорғаушысы Иван Башич ие.

Жасұлан Әмір кім?

19 жастағы футболшы – «Ордабасы» академиясының түлегі. Ол 2026 жылдың наурыз айында U-21 құрамасы сапында дебют жасап, кейін Қазақстанның негізгі құрамына шақырту алды. Арменияға қарсы алғашқы кездесуінде-ақ нәтижелі пасымен көзге түсті.

Жас шабуылшы Ұлттар лигасында Словакияға қарсы ойында да әріптесіне голдық пас берді. Дегенмен әзірге ұлттық құрама сапында бірде-бір гол соққан жоқ.

Ал Қазақстан Премьер-лигасында Әмірдің еншісінде 8 гол бар. Оның нәтижелі ойыны «Ордабасының» клуб тарихында алғаш рет бір маусымда ел чемпионаты мен Кубокты қатар жеңіп алуына үлес қосты.

Жасұланның еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол қазақстандық футболдағы «Жыл жаңалығы» және «Жылдың үздік жас ойыншысы» марапаттарына ие болды.

Тегтер: футболшы