$ 448.72 € 493.86 ₽ 5.49

Қазақстан Ясмина Тоқсанбаеваның даулы медалін қайтару үшін сотқа жүгінді

"Процесс аяқталғаннан кейін біз болған жағдайға толық баға береміз".

Коллаж: Sn.kz
Коллаж: Sn.kz

Қазақстан тарапы Ясмина Тоқсанбаеваның Азия ойындарында алған, кейін тыйым салынған аяқ киімге байланысты тартып алынған алтын медалін қайтару үшін спорттық арбитражға жүгінді. Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Министрдің сөзінше, спортшының медаліне қатысты мәселе әлі шешілген жоқ. Қазіргі уақытта федерация арбитражға қажетті құжаттарды тапсырған.

«Бүгінгі таңда федерация Ясминаның ісі бойынша спорттық арбитражға құжаттарын жолдады. Сонымен қатар қазіргі ең басты мақсат – мұндай жағдайдың енді қайталанбауы үшін бар күш-жігерді салу. Сөзсіз, жауапкершілік бірнеше тарапқа жүктеледі: спорт комитетінен бастап, федерация, Ұлттық олимпиадалық комитет және спортшыны дайындау мен сүйемелдеуге тікелей қатысқандардың барлығы жауапты», – деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Ербол Мырзабосынов әзірге бұл жағдайға нақты кімнің кінәлі екені анықталмағанын атап өтті. Тергеу және тиісті процестер аяқталған соң жауапты тұлғалардың әрекетіне баға беріліп, қажет болса, олар жауапқа тартылмақ.

«Процесс аяқталғаннан кейін біз болған жағдайға толық баға береміз. Әрине, қателік жіберген адамдардың іс-әрекетін қарастырып, кінәлілерді жауапкершілікке тартамыз. Бірақ біздің басты ұстанымымыз – спортшыны қолдау. Спорттық мансап бір жарыспен аяқталмайды. Алда Олимпиада ойындары тұр», – деді ол.

Бұған дейін Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитеті аяқ киімге қатысты талаптар жеңіл атлетика федерациясы мен жаттықтырушылар штабына алдын ала жеткізілгенін мәлімдеген. Олардың міндеті – спортшының жарыс кезінде осы талаптарды сақтауын бақылау болған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0