22.11.2026, 15:30

«Менің жеңілісімнен өздеріңе абырой іздемеңдер»: Асу Алмабаев өзін сынағандарды орнына қойды (ВИДЕО)

Фото: UFC

Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Асу Алмабаев жапониялық Кёдзи Хоригутиден жеңілгеннен кейін әлеуметтік желіде жазба жариялап, жанкүйерлеріне алғыс айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

«Қазақ елі, кеше жанкүйер болып, мені қолдаған барша бауырларыма көп-көп рақмет! Мен үшін де бұл оңай болған жоқ. Қаншама жекпе-жек, қаншама ай бойы жаттықтырушым екеуміз еңбек етіп, тер төгіп келдік. Титулға бір қадам қалған кезде кері шегіну – кез келген спортшы үшін моральдық тұрғыдан өте қиын», – деді файтер.

Алмабаев бұл жолы да жеңілістің себептерін іздеп, ақталуға ниетті емес екенін жеткізді. Оның айтуынша, әлі де көп жұмыс істеу керек.

«Өмірде маған ештеңе оңай берілген емес. Бұл жолы да бәрі оңай болмайтынына сенімдімін. Әлі де көп жұмыс істеуім керек. Ақталудың ешқандай қажеті жоқ», – деді ол.

Ол өзге файтерлерді сөзбен емес, октагонда дәлелдеуге шақырды.

«Менің жеңілісімнің арқасында өздеріне ат жасап жатқан бауырларыма таңғаламын. Мықты болсаңдар, мұны октагонда дәлелдеңдер! Топ-5-ке кіріңдер, топ-10-ға кіріңдер, топ-20-ға кіріңдер. Өздеріңді октагонда көрсетіңдер. Біреудің жеңілісінің арқасында өздеріңе абырой іздемеңдер. Бұл – өте ұят нәрсе», – деді Асу Алмабаев.

Сөз соңында файтер жанкүйерлерді ауызбіршілікке шақырып, жеңіліске бола бір-бірін кінәламауға үндеді.

«Халық не айтса да, қалай талдау жасаса да, ол – халық. Халықтың арқасында ел болып, адам болып отырмыз. Сондықтан біреудің мақтау сөзіне де, көңілге тиетін ауыр сөзіне де мән беріп, соған бола өзімізді жоғалтпайық. Ел болайық, ауызбіршілігімізді сақтайық. Қандай жағдай болса да, бір-бірімізді қолдай білейік. Ал бұл – ердің жолы. Бұл – еркектің жолы. Мұндай жағдайлар спортта болады», – деп түйіндеді ол.

Еске салайық, Асу Алмабаев 21 қарашада Дохада өткен UFC Fight Night 294 турнирінде Кёдзи Хоригутиге қарсы жекпе-жек өткізді. Үш раундқа созылған кездесуде төрешілер бірауыздан жеңісті жапониялық спортшыға берді. Есеп – 30:27, 30:27, 29:28. Осылайша, қазақстандық файтер UFC-дегі екінші жеңілісіне ұшырады.