$ 458.85 € 503.5 ₽ 5.59

«Чемпион болып оралсам…»: Абылайхан Жүсіпов 2028 жылғы Олимпиадаға қатысқысы келетінін айтты (ВИДЕО)

Фото: ҰОК
Фото: ҰОК

Боксшы Абылайхан Жүсіпов 2028 жылы өтетін Олимпиада ойындарына қатысып, чемпион атанғысы келетінін айтты. Ол “Бүгін live” бағдарламасына берген сұхбатында спорттық мансабы мен алдағы жоспарлары туралы сөз қозғады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

“Қазір жасым 29-да. Боксқа 7 жасымда келдім. 22 жыл үлкен спортқа уақытымды, денсаулығымды арнадым. Қазір менің соңғы олимпиадалық циклім. Мүмкіндік болып, лицензия алып барсам, чемпион болып оралсам, өте керемет болар еді. Спортшы үшін Олимпиада ойындары – үлкен арман. Ал болмай жатса, артымдағы іні-бауырларыма дұрыс үлгі болып, көмектесіп, мансабымды аяқтауға дайынмын”, – деді ол.

Сондай-ақ боксшы қазіргі жас спортшылардың әлеуетіне жоғары баға берді. Оның айтуынша, бүгінгі жастардың психологиялық дайындығы мен ойлау жүйесі өзгеше.

“Жастардың арасында өте талантты, мықты боксшылар көп. Психологиялық тұрғыдан да олар мүлде басқаша ойланады. Ойларында тосқауыл, шекара жоқ. Бұрын бізде классикалық боксқа қойса, ортаңғы және жақын қашықтықта жұмыс істей алмаймыз деген шектеу болатын. Ал қазіргі жастарда ондай ой жоқ. Аш қасқырдай алдына келгеннің бәрін ұрып жатыр. Сол нәрсе қуантады. Осы жастар әлем чемпионатында, Олимпиадада топ жарып, еліміздің көк туын желбіретеді деп сенемін”, – деді Абылайхан Жүсіпов.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0