28.11.2026, 20:30

Батырхан Төлеуғали Астанадағы Гран-при финалында күміс медаль жеңіп алды

Фото: ҰОК

Қазақстандық таеквондошы Батырхан Төлеуғали Астанада өтіп жатқан Гран-при сериясының финалында күміс жүлдегер атанды. Ол 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің шешуші белдесуінде Иран өкілі Радин Зейналиге есе жіберді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Финалдық жекпе-жек тартысты өтіп, 1:2 есебімен ирандық спортшының пайдасына аяқталды. Осылайша, Батырхан Төлеуғали Қазақстан құрамасына жарыстың алғашқы медалін сыйлады.

Айта кетейік, бұл – қазақ таеквондосы үшін Гран-при сериясының финалындағы жеті жыл ішіндегі алғашқы жүлде. Соңғы рет 2019 жылы Римде өткен шешуші кезеңде Руслан Жапаров (+80 кг) финалға дейін жетіп, күміс медаль иеленген еді.

Батырхан Төлеуғали Астанадағы жарыс жолын 1/8 финалдан бастады. Алғашқы кездесуінде 2025 жылғы әлем чемпионы, әлемдік рейтинг көшбасшысы әрі Панамерика чемпионы бразилиялық Энрике Маркес Родригес Фернандесті жеңді.

Одан кейін ширек финалда ресейлік әлем чемпионатының қола жүлдегері Артём Митарёвтен басым түссе, жартылай финалда грузиялық Зураб Кинцурашвилиді жарыс жолынан шығарды. Финалда оған 2025 жылғы кадеттер мен U21 санатындағы әлем чемпионы Радин Зейнали қарсы тұрды.

Төлеуғали финалға дейінгі нәтижесі үшін 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасының рейтингтік есебіне 60 ұпай қосты.

Айта кетейік, 20 жастағы қазақстандық таеквондошы Париж Олимпиадасына қатысқан. Сондай-ақ ол U21 санатындағы әлем чемпионатында алтын, Аичи-Нагоя Азия ойындарында қола медаль жеңіп алған.

Гран-при сериясы финалының шешуші күні ертең өтеді. Қазақстан құрамасы сапынан Азиада чемпионы Тамирлан Тілеулес (-58 кг) сынға түседі.