"Денсаулығымды да ескереміз"нан.
Әлемнің бірінші ракеткасы, қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Алматыда өткен баспасөз мәслихатында келесі маусымға дайындығы, ұлттық құрама сапында өнер көрсету мүмкіндігі және 2027 жылғы басты мақсаты туралы айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Рыбакина журналистермен кездесіп, жас теннисшілерге шеберлік сабағын өткізді. Кездесуде алдағы Олимпиада ойындарына дайындық аясында спортшының Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсету мәселесі де қозғалды.
Теннисшінің айтуынша, келесі маусымда жарыс кестесіне қарай ұлттық құрама сапында жиі өнер көрсетуге тырысады. Дегенмен бұл ретте денсаулығына да баса мән бермек.
"Әрине, Олимпиада жылы жақындап келе жатқандықтан, жарыс кестесіне қарап, ұлттық құрама сапында өнер көрсету мүмкіндігін қарастырамыз. Әзірге WTA жарыстарының күнтізбесі де дайын емес. Денсаулығымды да ескереміз. Олимпиадаға дайындалуымыз керек, сондықтан ірі турнирлерге де, ұлттық құрама ойындарына да қатысуға тырысамыз", – деді Рыбакина.
Қазақстандық теннисші аяқталған маусымның ең қиын кезеңін де еске алды. Оның айтуынша, АҚШ-тың ашық чемпионатындағы жеңістен кейін күш жинап, бабына келу оңай болмаған.
Ол кезде спортшы жарақатынан енді ғана айыққан еді. Тартысты өткен жарыс оның физикалық және психологиялық тұрғыдан қажуына себеп болған.
"US Open турнирі эмоциялық тұрғыдан оңай болған жоқ. Жеңіске жеттім, адреналин де болды. Ол кезде жарақаттан енді ғана айыққан едім. Бүкіл турнир өте тартысты өтті. Одан кейін физикалық та, эмоциялық та тұрғыдан әлсіреп қалдым. Қалпыма келіп, Азиядағы турнирлерді жалғастыру қиын болды", – деді спортшы.