«Қайрат» ФК-ның ардагер футболшылары мен Әлем құрамасы тартысқа түсетін «Жұлдыздар матчына» арналған билеттердің құны белгілі болды, деп хабарлайды «Қазақпарат».
Бұл туралы бүгін «Қайрат» футбол клубының ресми сайтында хабарланды.
Құралбек Ордабаев, Евстафий Пехлеваниди, Евгений Яровенко, Сергей Стукашов, Виктор Катков, Ваит Талгаев, Михаил Гурман, Юсуп Шадиев, Юрий Коньков, Борис Джуманов, Вахид Масудов, Сергей Климов, Сергей Волгин, Дмитрий Огай, Сергей Кулинич, Виталий Кафанов және клубтың басқа да құрметті ардагерлері Әлем құрамасы футболшыларына қарсы ойнайды.
Бұл құраманың сапында Фабио Каннаваро, Луиш Фигу, Андрей Шевченко, Ривалдо, Пол Скоулз және өзге де танымал ойыншылар бар.
«Жұлдыздар матчы» 26 қыркүйекте Алматының Орталық стадионында өтеді. «Осы атаулы спорттық шара «Қайрат» ФК-ның мерейтойы аясында жоспарланып отыр және ол клубтың 60 жылдығын атап өтудің ең басты шараларының бірі болмақ», делінген таратылған мәліметте.
Аталған ойынның билеттерін 15 қыркүйектен бастап Орталық стадионның кассаларынан сатып алуға болады. Сатылымнан түскен қаржы қайырымдылық шараларына бағытталмақ.
«Premium Vip» санатындағы билеттің құны 40 мың теңгені, «Vip» санатының билеті 20 мың теңгені, D және E ложаларына бір билеттің бағасы 10 мың теңге болса, батыс трибунада – 7,5 мың, шығыс трибунада – 5 мың, солтүстік және оңтүстік трибуналарда – 3 мың теңгені құрайды.