Астаналық «Барыс» хоккей клубының бапкері Андрей Назаров енді алты ойынды көрермендермен бірге тамашалайтын болады, деп хабарлайды Baq.kz.
Кешегі Владивостокта жергілікті «Адмиралмен» болған ойында Назаров бейәдеп қылығымен көзге түсіп, осындай жазаға ұшырап отыр.
Қазақстандық жаттықтырушы үш бап бойынша айыпталды: тәртіпсіздік, қолындағы затын өзгелерге лақтыру және төрешілерді балағаттау. Егер Назаров тағы да осы қылығын көрсететін болса жаза ауырлай түсетін болады.
– Жиын болып, орын алған жайтты қайта қарап шықтық. Оның айыпты екені толықтай дәлелденіп отыр. Жиын қорытындысы бойынша "Барыс" бапкері алты ойынға шеттетілді. Бұл жазаға қосымша Назаров 160 рубль айыппұл төлейтін болады. Сонымен қатар, жалақысынан тағы да айыппұл ұсталатын болады, – деді ҚХЛ вице-президенті Дмитрий Курбатов журналистерге берген сұхбатында.
Оның айтуынша, жаза бұдан да қатал болуы мүмкін еді. Өйткені, «Адмирал» бапкері Вячеслав Фетисов мұндай келеңсіздікті бұрын-соңды көрмегенін айтып шағымданған. Ал, ҚХЛ басшысы Александр Медведев жағдайға барынша жұмсақ қарауды ұйғарыпты. Айта кетейік, кеше Владивостокта жергілікті «Адмирал» мен астаналық «Барыс» командалары Құрлықтық хоккей лигасының кезекті турында кездескен болатын. Ойын соңына қарай «Барыс» бапкері оғаш қылығы үшін ойыннан қуылған. Ол қарсылас команда бапкері Фетисовтың төрешілерге қысым көрсеткендігін айтып шағымданды. Фетисов өзінің сүттен ақ екенін айтып ақталды.
Бұл ойын 3:2 есебімен алаң иелерінің пайдасына аяқталған болатын. Бүгін қос команда айдынға қайта шығады.