$ 439.43  473.31  4.82

АБЫРОЙСЫЗ ЖЕРДЕ «АСТАНА» ЖҮРЕДІ...

Енді санаулы күндерден кейін кәсіпқой бокстан бүкіләлемдік жарық жұлдыздардың бірі Геннадий Головкин АҚШ-тың Калифорния штатындағы Карсон қаласында өзінің кезекті жекпе-жегін өткізеді. Бұл жолғы қарсыласы – мексикалық Марко Антонио Рубио.

Бокстың айналасында жүргендер бұл жекпе-жектің Головкин үшін оңайға түспейтінін жасырып отырған жоқ. Мексикалық қарсыластың қолының өте ауыр екендігін бұрынғы қарсыластары да, онымен спарринг жекпе-жек өткізген украиналық боксшы Александр Гвоздик те қайталаудан жалығар емес. Айтса айтатындарындай бар, Рубио 59 жекпе-жектің 51-інде қарсыластарын нокаутқа жіберіпті. Оның үстіне өте салқынқанды. Жекпе-жектің алдында кейбір әріптестері секілді «өйтіп жіберемін, бүйтіп жіберемін» деп күпсінгенін ешкім көрген жоқ. Алдағы жекпе-жекке қазылық ететіндер де «екі боксшы бірінен бірі өтеді. Бұл бокс мерекесінде көрермендер тамаша нокаутқа куә болуы тиіс» деп есептейді.

Алайда, Головкинге байланысты әңгіменің қызығы Рубиомен болатын жекпе-жекпен ғана тәмамдалмайтын сияқты. Геннадий Головкиннің менеджері Олег Германның таяуда ғана жасаған мәлімдемесі бүкіл қазақстандықтарды айран-асыр етті. «Головкин сіздер ойлап жүргендей «Астана» президенттік клубының мүшесі емес. Рас, біз «Астана» командасымен келіссөз жүргізгенбіз. Тіпті 2013 жылдың қарашасында меморандумға да қол қойдық. Алайда, меморандум дегеніңіз келісім-шарт емес қой. Оның үстіне «Астана» клубы меморандумда берген уәделерінің бәрінен де бас тартты. Олардікі жәй жарнама» деген сөздері ешкімді де бей-жай қалдырған жоқ. Іле-шала «Астана» президенттік спорт клубының бас менеджері Юрий Мельниченко да мәлімдеме жасады. «Иә, біз Головкинге 3 миллион доллар бермекші болғанбыз. Оның 500 мыңын былтыр-ақ аударып жібердік. Біз жіберген келісім-шартқа Головкиннің командасы өз ұсыныстарын қосып, бізге қайта жіберген екен. Олардың ұсыныстарын келісім-шартқа кіргізіп, мамыр айында тағы жібердік. Өздері содан бері жауап бермей, жым-жырт жатыр. Біздің кінәміз не?» дейді қазақстандық тарап.

Не болғанда да бұл абыройсыздау әңгіме болып тұр. Әсіресе «Астана» клубы үшін. Олег Германның несі кетеді?! Бастығы жоқ, басқасы жоқ, өзімен өзі жүрген адам. Головкин секілді таланттардың арқасында ақша істеп жүрген адам. Ал, «Астана» клубының артында «Самұрық-Қазына» тұр. «Самұрық-Қазынаның» артында талай шынжыр балақ, шұбар төстерді айтпағанда Қазақ мемлекеті тұр. Мемлекеттің имиджі дегеніңіз сәл нәрседен-ақ көтеріліп, зәредей оқиғадан-ақ тас-талқан болатыны тағы белгілі. Ыңғайсыздау болатыны осы да. Оның үстіне «Астананың» аты бұған дейін Бақтияр Артаевқа байланысты шулы оқиғада бір шыққан. Енді мынау...

Осынау оқиғаның сыртында тағы басқа да «ірілі-ұсақты» мәселелер бар. Ақша деген зат жақсы, алайда, көп жағдайда небір сүйкімді адамдарды сүйкімсіз көрсетіп жіберетін де осы ақша. Жасыратыны жоқ, Геннадий Головкин бүгінгі қоғамдағы аз ғана сүйкімді тұлғалардың бірі. Ақша, дүние туралы дауларға ерікті-еріксіз түрде араластырып жібере берсе күндердің күнінде Бақыт Сәрсекбаев секілді сүйкімнен жұрдай болып шыға келмей ме?! Үнемі даудың ортасында жүру өз кезегінде спорттағы нәтижелерге әсер етпейді деп кім кепілдік береді?!

Осының өзі әріден, тым әріден ойластырылған шара емес пе екен?..

Абай БАЛАЖАН,

«SKIFNEWS.KZ».

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары