03.04.2017, 11:10

Головкиннің командасы Астана әкімдігінің өтірігін әшкереледі

Кәсіпқой бокстан орта салмақтағы WBA (Super), WBC, IBF және IBO чемпиондық белбеулерінің иесі қазақстандық Геннадий Головкиннің менеджері Олег Гарман Астана әкімдігінің өтірігін әшкереледі.

Еске салайық, бүгін Астана қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Берік Маржықпаев 17 шілде күні "Астана-Аренада" Геннадий Головкиннің британ боксшысымен жекпе-жегі өтеді деп мәлімдеген болатын. Алайда, GGG командасы бұл ақпараттың өтірік екенін айтып отыр.

"Бүгінгі таңда Геннадий Головкиннің Қазақстандағы жекпе-жегі туралы ешқандай мәлімет жоқ. Сәйкесінше, кездесудің өтетін күні, орны, тіпті қарсыластың кім екені де белгісіз. Сондықтан билеттер жақында сатылады деген ақпарат шындыққа жанаспайды", - дейді Олег Герман.

Ол Астана әкімдігі қызметкерлерінің 17 шілде деген датаны қайдан тауып алғанына таң қалып отыр.

"Геннадий Головкиннің қатысуымен өтетін бокс кештері үнемі аптаның сенбісіне жоспарланады. Ал, 17 шілде дүйсенбіге түсіп тұр. Астана әкімдігінің бұл датаны қайдан тауып алғанына түсіне алмай отырмын. Егер бұл жекпе-жек туралы расталған ақпарат болса ең бірінші оны біздің команда таратады", - деп атап өтті GGG менеджері.

Естеріңізге салайық, бұған дейін Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы да Астанада Головкин-Сондерс жекпе-жегінің өтетінін мәлімдеген болатын. Оның сөзін де GGG командасы артынша жоққа шығарды.