05.05.2017, 03:48

Светлана Подобедова үлкен спортқа қайта оралмауы мүмкін

Кеше ғана аяғы ауыр екенін хабарлаған даңқты қазақстандық ауыратлет Светлана Подобедова үлкен спортқа енді мүлдем оралмауы мүмкін. Халықаралық ауыр атлетика федерациясы оны 8 жылға спорттан шеттетіп отыр.

Федерация допинг сынамаларында тыйым салынған препараттар табылған үш қазақстандық ауыр атлетке қатысты санкция қолдану туралы ресми шешім шығарды. Бұл туралы ұйымның ресми сайтында хабарланған.

Осы шешімге сәйкес, қазақстандық ауыратлет қыздар Майя Манеза мен Зүлфия Чиншанло спорттан екі жылға шеттетіліп отыр. Яғни, Лондон олимпиадасында Қазақстан қоржынына бір-бір алтын медальдан салған қыздарымыз 2020 жылғы Олимпиада ойындарына қатысуы мүмкін. Шешім Лондондағы Олимпиаданың допинг сынамасын талдау нәтижесінен тыйым салынған заттар табылған сәттен, яғни 2016 жылғы 26 мамырдан бастап күшіне енеді.