10.05.2017, 10:04

Талдықорғанда ұлттық ат спорты түрлерінен республикалық жарыс өтті

Алматы облыстық «Талдықорған» ипподромында ұлттық ат спорты түрлерінен республикалық жарыс өтті. Дүбірлі дода Жеңіс күніне орайластырылған.

Жарыстың жалпы жүлде қоры 8 млн теңгені құрады. Мереке күні өткен шараға Алматы облысының әкімі Амандық Баталов келіп, спортсүйер қауыммен бірге жарысты тамашалады.

Осылайша, «Аламан» бәйгені Қарасай ауданына келген тұлпар жеңіп алды. 21 шақырымдыық қашықтықта алдына жан салмаған қарасайлық Жомарт Сайболов 1,5 млн теңге жүлдені жеңіп алды. Ал сәйгүлігі мәрені екінші болып кескен алматылық Бекайдар Жапаровқа 1 млн теңге ақшалай сыйлық берілді. Үшінші орын Алматы облысының тағы бір өкілі Сауран Ахметжановқа бұйырды.

Дүбірлі додаға еліміздің түкпір-түкпірінен жүзден астам жүйрік қатысты. Бағдарлама бойынша тай жарыс, құнан бәйге, топ бәйге, жорға аттар жарысы және 21 шақырымдық аламан бәйге ұйымдастырылды. Сонымен қатар, қыз қуу, теңге ілу, көкпар тарту ойындарын да көрермендер ризашылықпен тамашалады.

Айта кетейік, Алматы облысында жыл сайын Жеңіс күнінен орай ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтіп тұрады.

Бұл жөнінде Алматы облыстық спорт басқармасының басшысы Тұратбек Шарапиев: «Қазақ о бастан жылқы десе делебесі қозып тұратын халық. Осыны ескере келе, ұлттық спорт түрлерін жзиі өткізіап тұруға атырысамыз. Ал, бүгінгі топ жарыстың жөні бөлек, өйткені Жеңіс күніне орай ұйымдастырылып отыр» - дейді Алматы облыстық спорт басқармасының басшысы Тұратбек Шарапиев.

Д.Жұмақұлова