Тек «Сандерленд» футбол клубының емес, бүкіл Ағылшын Премьер лигасы (АПЛ) футболшыларының сүйіктісіне айналып үлгерген Брэдли Лоуэри 6 жасында қайтыс болды. Қатерлі ісікке шалдыққан сәби «Сандерлендтің» ең танымал, әрі ең жас жанкүйері болатын. 4 жыл бойы ауыр науқаспен күресіп келген сәби кеше қайтыс болды.
Брэдли бүкіл АПЛ-дың қаһарманына айналған жанкүйер еді. Оның сауығып кетуі үшін ағылшын чемпионатыдағы даңқты футболшылардың бәрі қол ұшын созды. Жанкүйерлер де науқас сәбиге қолдан келгенше көметкесті, қолдау білдірді.
Брэдли «Сандерленд» ойыншыларымен жасыл алаңға жиі шығатын. Ол Англия - Литва құрамаларының кездесуінде де алаңға шығып, матчты бастап берген сәті көпшіліктің есінде. Оның жан досы «Борнмут» пен Англия ұлттық құрамасының ойыншысы Джермейн Дефо еді. Биылға дейін Дефо «Сандерленд» командасында өнер көрсетіп келгенін айта кетейік.
Брэдли өзінің 6-ға толған соңғы туған күнін ең жақын досы Дефомен өткізген еді. Мұнан кейін екеуі соңғы рет 1 шілде күні клиникада жолықты. Осы кездесуден кейін сәбидің денсаулығы күннен күнге нашарлай берді.
Бейсенбі күні «Борнмут» футбол клубы маусым алдындағы баспасөз жиынын өткізген. Брифингке Джермейн Дефо де келді. Бұл кезде Брэдли өмірінің санаулы сағаттары қалған болатын. Дефо журналистер алдында көз жасын тоқтата алған жоқ.