$ 441.66  475.14  4.86

Триатлон спортына билік тарапынан қолдау көрсетіліп келеді

Білетіндер триатлонды спорттардың төресі дейді. Тек төзімділер ғана бұл спортты жанына серік етіп, өмірде түрлі жетістіктерге жете алады. Өйткені жүзу, велоспорт және жүгіруді бірдей меңгеру кез келген адамның қолынан келе бермейтіні анық.

Триатлон бұрыннан келе жатқан ескі спорттың бірі болса да ол туралы қазақстандықтар 2000 жылы кеңінен біле бастады. Өйткені дәл осы жылы Австралияның Сидней қаласында өткен жазғы Олимпиада ойындарында жерлесіміз Дмитрий Гааг жоғары нәтиже көрсетіп, Қазақстанда триатлон мектебінің қалыптасуына үлкен үлес қосты.

Бүгінде Гаагтың ізбасарлары елімізде жетіп артылады. Рас, Олимпиада жеңімпаздарын әлі шығара алмасақ та, әлемдік додаларда триатлеттеріміз ел намысын абыроймен қорғап жүр.

Сондай-ақ, спорттың осынау түріне бүгінде билік тарапынан да айтарықтай көңіл бөлініп келеді. Астана мен Алматыда жыл сайын кәсіпқойлар мен әуесқойлар арасында ел чемпионаты өтіп келеді. Күні кеше осындай байрақты бәсеке елордада өз жеңімпаздарын анықтады.

200-ге жуық кәсіпқой мен спорт сүйер қауым «Жартылай темір» қашықтықта үш кезеңнен тұратын жарысқа қатысты: 1,9 шақырым жүзу, 90 шақырым веложарыс, 21 шақырым жүгіру.

Жарыс жеңімпаздарын ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың өзі келіп марапаттады. Сондай-ақ, ол Олимпиада чемпионы, «Астана» велокомандасының бас менеджері Александр Винокуровқа, Қазақстандық Триатлон Федерациясының вице-президенті, BI Group холдингінің басшысы Айдын Рахымбаевқа, сондай-ақ қашықтықты бағындырған алғашқы әйел қатысушы Нағима Керімбаеваға медальдарды табыстады.  

Айта кетейік, бұл сайыс Халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесінің Мәдени-ойын-сауық және спорттық іс-шараларының кешенді жоспарының бір бөлігі болды.      

Еске салсақ, бұған дейін ҚР ҰҚК төрағасы және Триатлон федерациясының президенті Кәрім Мәсімов келесі жылы Астанада Ironman аясында сайыстар өткізілетінін хабарлаған болатын. World Triathlon Corporation ұйымымен Астанада Ironman сериясының стартаптарын өткізу туралы келісім жасалған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары