11.06.2015, 18:00

«Қазақстан Барысы» 5 шілде күні өтпейтін болды

Осымен бесінші мәрте ұйымдастырылғалы отырған Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» республикалық турнирінің шешуші додасы 5 шілде күні өтпейтін болды. Бұл туралы «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қорының баспасөз орталығы хабарлады.

«Биылғы «Қазақстан Барысы» бесінші финалдық додасының өтетін күні Астана күні мерекесіне орай шілденің 5 күні өтеді деп жоспарланған болатын. Алайда, бұл күні Астана күніне арналған іс-шаралардың тығыздығына байланысты 4 шілдеге ауыстырылды», делінген хабарламада. 

Бірақ, алтын «Тайтұяқ» пен чемпиондық белбеу иегерін, сондай-ақ, жылдың үздік балуанын анықтайтын «Қазақстан Барысы» турнирінің финалдық жарысының өтетін күні өзгергенімен жарыс өтетін орны өзгермеген. Айтулы дода бұрынғыдай Астана қаласындағы «Сарыарқа» республикалық велотрегінде өтеді. Жарыс сағат 12:00-де басталады.

Еліміздегі ең ірі дода «Қазақстан Барысы» турнирінің финалдық жарысына кіру билеттері келесі аптадан бастап сатыла бастайды. Билет сатылатын орындар «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қорының ресми сайтында жарияланады.

Жобаны ұйымдастырушылар: Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының қоры, «Нұр Отан» партиясы, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі, Астана қаласы әкімдігі, «Астана» Президенттік кәсіби спорт клубы, ҚР қазақ күресі федерациясы, «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қоры.