$ 498.34  519.72  4.85

РЕСМИ: Сауль Альварес Головкинмен жұдырықтасудан бас тартты

Кәсіпқой бокстан орта салмақтағы әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкин (37-0-1, 33 КО) мен мексикалық Сауль Альварес (49-1-2, 34 КО) арасындағы екінші кездесу болмайтын болды. Жекпе-жектен мексикалық боксшы бас тартқан деп жазады Vesti.kz.

Күні кеше Альвареске жетекшілік ететін Golden Boy промоутерлік компаниясы баспасөз мәжілісін өткізіп, осындай шешімге келгендерін айтыпты.

Айта кетейік, 17 және 20 ақпанда мексикалық боксшы екі рет допинг-сынамасын тапсырып, екеуінде де оның ағзасынан тыйым салынған кленбутерол заты анықталған болатын. Алайда, Альварестің командасы қасақана допинг пайдаланбағанын айтып әлі ақталып жүр.

Ал, наурыз айында "Канело" Калифорнияға келіп, тағы үш сынамасын тапсырған. Оның үшеуі де таза шыққанымен, Невададағы Атлетикалық комиссия мексикалықты сәуірдің 18-не дейін бокстан уақытша шеттетті. Осы күні комиссия өкілдері оның алдағы тағдырын шешеді.

Головкин болса 5 мамыр күні бәрібір жекпе-жек өткізетінін айтып отыр. Альварестің орнын америкалық Джермалл Чарло немесе Деметриус Андраде, украиналық Сергей Деревянченко, ирландық Гэри О'Салливан, бразилиялық Ямагучу Фалькао, екінші орта салмақтағы WBO чемпионы мексикалық Хильберто Рамирес немесе оның жерлесі кіші Хулио Сезар Чавес алмастыруы мүмкін.

Еске салайық, Головкин мен Альварес арасындағы алғашқы жекпе-жек былтыр 16 қыркүйекте өтіп, қос боксшы тең тарқасқан еді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары