Малагада Испания ашық чемпионатының соңғы күні суда жүзуден Қазақстан құрамасы тағы үш марапатқа ие болды деп жазады Қазақпарат.
2016 жылғы Олимпиада ойындарының чемпионы Дмитрий Баландин үшінші алтын медалін қанжығасына байлады. Бұл жолы - брасспен 100 метр қашықтықта жарысқа шықты. Бұдан бұрын, ол 200 және 50 метрге жүзуден үздік нәтиже көрсеткен болатын. Осылайша, жерлесіміз брасспен жүзуден барлық алтын медальді иеленді.
Жарыстың соңғы күнінде Қазақстан рекордшысы Әділбек Мусин 100 метрге баттерфляймен жүзуден қола медаль жеңіп алды. Сондай-ақ, Әділ Қасқабай тағы бір «қола» сыйлады. Ол 50 метрге еркін стильмен спринтте көзге түсті.
Қазақстандық жүзушілер Малагадағы турнирде сегіз медаль иеленді - үш алтын, үш күміс және екі қола.