Қазақстандық кәсіпқой боксшы Айдар Шәрібаев екінші жартылай жеңіл салмақта WBA Inter-Continental белбеуін иелене алмады. Отандасымыз АҚШ-тың Индио (Калифорния) қаласында өткен бокс кешінде Эндрию Канчиодан жеңілді деп жазады Vesti.kz.
Қос боксшы арасындағы жекпе-жек 10 раундқа жоспарланған болатын. Шаршы алаңдағы шайқасты ширақ бастаған америкалық боксшы алғашқы раундтардан бастап-ақ басымдығын байқатты. Үшінші раундта Эндриюдің сол жақ бүйірден жасаған соққысы жойқын шығып, Айдар бір тізерледі. Төреші нокдаун ашты.
Бесінші раундта да қарсыласының соққысы қазақстандық боксшыны бір есеңгіретті. Ал соңғы раундта Айдардың жаттықтырушылары ақ орамалды ортаға тастап, жекпе-жекті аяқтатты. Америкалық боксшы техникалық нокаут нәтижесі бойынша жеңіске жетті.
Айдар Шәрібаев осыған дейінгі 7 жекпе-жегінде жеңіске жеткен боксшы. Оның 6-да қарсыласын уақытынан бұрын ұтып шыққан. Ал Эндрию Канчио болса 2006 жылдан бері кәсіпқой бокста жұдырықтасып келеді. 23 жекпе-жек өткізіп, 17-де жеңіске жеткен, 4 рет жеңілген, 2 рет тең түскен.Айта кетейік, Индиодағы бокс кешін әйгілі Golden Boy промоутерлік компаниясы ұйымдастырды. Жекпе-жектерді ESPN телеарнасы тікелей эфирде көрсетті. Қазақстандық жанкүйерлер «Setanta Қазақстан» арқылы тамашалады. Өкінішке қарай, WBA Inter-Continental чемпиондық белбеуі бұл жолы Айдар Шәрібаевқа бұйырған жоқ.