17.04.2018, 12:58

Алматы әкімі 2018 жылғы веломаусымды ашып, өзі велошеруге қатысты

Алматыда «Спорттық Алматы» бағдар­ламасы аясында дәстүрлі велошерудің тоғызыншы маусымы басталды. Спорттық шараға арасында қала әкімі бар екі мыңнан астам адам қатысты.

Мегаполис тұрғындары мен қонақтары «Нұрлы Тау» Бизнес орталығынан бас­талып, Тұңғыш Президент саябағына дейін жалғасқан 9 шақырымды ққашық­тықты  бағындырды. Велоуесқойлармен бірге бұл  велошеруге Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әбіл Дөңбаев қатысты.

– Осындай іс-шаралар қала тұрғын­дарына уақытын тиімді әрі көңілді өткізуге жақсы мүмкіндік. Осы уақытқа дейін біз қоғамдық  көліктерде, көшелерде, саябақ­тарда, кез-келген жастағы адамдар  таны­сып, демалып, жұмыс жасайтындай жағдай қалыптастыру жолында жұмыс атқарып келеміз, – дейді мегаполис әкімі.

Сонымен қатар, Бауыржан Байбек қазіргі таңда қалада  салауатты  өмір  салты мен спортқа жақсы көңіл бөлініп  жат­қанын атап  өтті. Алматыда бүгінгі таңда 68 шақырымдық велодәлізі салынды. Соны­мен қатар, қалабасшысы велосипед­терді жалға беретін «Almatybіke» жобасы қарқымды дамып, қаланың орталық көшелерінде 1730 велосипедке арналған 200 велосипед тұрақтары жұмыс істеп тұрға­нын тілге тиек етті. Оның айтуынша, жылда өтетін «Алматы туры» веложарысы қаланың танымал брендіне айналып, Алма­тының туристік және спорттық қала имиджі ретінде шет елге танымалдығын   арттыруда.

Маусымның ашылу велошеруінің мә­ресінде қатысушылардың  арасында 20 ве­лосипед,  өзге де бағалы сыйлықтар ой­натылды. Барлық келушілердің алдында өз өнерлерімен Shamsі, Alіme топтары шығып, іс-шара «Almaty Street Fіtness»  бағдарламасымен жалғасын тапты.

Былтырғы 2017 жылы «Спорттық Ал­маты» бағдарламасы бойынша қалада 21 велошеру ұйымдастырылып, 21 мың адам қатысқан болатын.