Египеттік адвокат Бассем Вахба мадридтік "Реал" қорғаушысы Серхио Рамостың үстінен сотқа арыз түсіріп, 1 млрд еуро талап етті. Испан футболшысы Еуропа Чемпиондар лигасының финалында "Ливерпуль" шабуылшысы Мұхамед Салахты ауыр жаралаған болатын. Бұл туралы Goal.com порталы жазып отыр.
"Рамос Салахқа қасақана жарақат салды және сол үшін жазалануы тиіс. Мен сотқа арыз жазып, ФИФА-ға да шағым жолдадым. Мен 1 млрд еуро көлемінде өтемақы өндіруді талап етіп отырмын. Бұл қаражат Рамостың Салахқа және бүкіл Египет халқына келтірген психологиялық және физикалық залалы үшін берілуі керек", - дейді Вахба.
Егер заңгер сотта жеңіп шыққан жағдайда аталған қаражатты түгелімен Long Live Egypt қорына аударуға уәде берді. Алайда, Вахбаның қай сотқа арызданғаны айтылмай отыр.
Еске салайық, өткен аптаның соңында Еуропа Чемпиондар лигасының финалында мадридтік "Реал" мен "Ливерпуль" командалары кездесіп, испандықтар 3:1 есебімен жеңіске жеткен болатын. Ойынның 28-ші минутында Серхио Рамос Салахтың қолынан ұстап, жерге құлай кеткен. Египет тумасы иығынан ауыр жарақат алып, ойынды жалғастыра алмады.