29.07.2015, 09:13

«Алтын тұлпар» аламан бәйгесіне 23 миллион теңге тігіліп отыр

http://ulttyqsport.kz/

Осымен екінші мәрте «Алтын тұлпар» республикалық турнирі өтеді. Бұл туралы бүгін Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан мәлімдеді, деп хабарлайды Skifnews.kz

– Алаш баласы, Қазақстан болып ерекше тойлап жатқан мерекелердiң бiрi – Қазақ хандығының 550 жылдығы. Осы айтулы мерекеге орай «Нұр Отан» партиясы, Ұлттық спорт түрлерi қауымдастығы, Мәдениет және спорт министрлiгi «Алтын тұлпар» республикалық турнирiн өткiзiп, өз үлесiн қоспақшы. Бұл айрықша бәйге. Жасыратыны жоқ, бүгiнде болып жатқан бәйгелерге Еуропадағы атқораларда тұрған, қысқа қашықтыққа шабатын ағылшынның тазақанды аттары қатысады. Сонымен, шын мәнiндегi қазақы аттың бапкерлiгi, аттың ұзақ шақырымға төзiмдiлiгiн дайындау өнерi ағылшын аттарының заманауи ат шабыстарының көлеңкесінде қалып қоятыны өкiнiштi болып тұр, - дедi Б.Тiлеухан. 

Сондай-ақ, аламан  жарысқа еліміздің 14 облысы мен Астана, Алматы қалаларының әрқайсысынан 10 сәйгүлік бәсекеге түседі деп жоспарлануда. Жарысқа сәйгүліктердің барлық тұқымдары қатыстырылады. Екінші рет ұйымдастырылып отырған бәсекенің басты ерекшелігі бәйге жолы ұзартылған, яғни,  өткен жылы 43 шақырым болса, биыл 51 шақырымға созылып отыр. Жарыс әр айналымы 12,5 шақырымды құрайтын 7 бақылау бекеті бар, үлкен шеңберде өтеді.

«Алтын тұлпар» аламан бәйгесінің жүлде қоры 23 млн теңгені құраса, бас жүлде  10 млн. теңге. Мәреге алғашқы жеткен  9 тұлпарға қаржылай жүлде беріледі. Осы шара аясында «Ат сыншысы» байқауы ұйымдастырылады. Ата дәстүрін жалғап, шын жүйрікті жазбай таныған сыншыға «Толыбай сыншы», «Күреңбай сыншы», «Шоқай сыншы» атындағы арнайы  жүлделер тағайындалып отыр. Сонымен қатар, шара барысында ұлттық қөлөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылып, ат тағалаушылардың сайысы да жалғасын табады.