04.09.2018, 08:25

Жезқазған халқының көптен күткен жеңісі: Азиада чемпионы Б.Ибрагим Мысты қала тұрғындарына қуаныш сыйлады

Жезқазғандық самбо күресінің балуаны Бағлан Ибрагим Индонезия астанасында өткен Азия ойындарында алтыннан алқа тағынған болатын. Жас спортшы қазақ елінің абыройын асқақтатып, жалауын көкке желбіретті.

Мысты қала спортшыларының құрлықтық бәсекеде қоржынға жүлде салмағанына да бірталай уақыт болып еді. Бағлан Ибрагимнің Азиядада жеңіс тұғырынан көрінуі осы сеңді бұзғандай. 52 келі салмақ дәрежесінде белдескен ол қарсыластарын жеңіп шықты. Ақтық сыңда монғолдық балуанда «ауырту» әдісімен таза жеңді.

Білікті бапкер Саят Серіковтың шәкірті биыл қоржынды біраз медальға толтырды. Ресейде өткен Әлем кубогінде күміспен күптелсе, сәуір айында Жезқазғанда өткен ел чемпионатын ұтып, Азия ойындарына жолдама алды. Одан кейін де Монғолияның Ұлан-Батор қаласында өткен Азия чемпионатында үздік нәтиже көрсетті. Енді міне, Индонезияның бас қаласында өткен Азия ойындарында да намысты қолдан бермеді.

Бағлан – ҚР Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, самбодан ҚР ұлттық құрамасының негізгі құрам мүшесі. Самбошының бұл жетістігіне барша қазақ елі қуанды. Бұл жеңіс талай жас өреңнің спортқа деген қызығушылығын арттырары сөзсіз. Бағлан Ибрагимнің ендігі межесі – алда болатын Әлем чемпионаты.