$ 498.34  519.72  4.85

Жаңа корт ел игілігіне берілді

Тәуелсіздігіміздің таңы атқан ширек ғасырдан бергі уақыт ішінде біздің елімізде бұқаралық спорт пен жоғары жетістіктер спортын дамыту жолында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей басшылығымен қыруар жұмыстар атқарылуда. Бұл сала мемлекеттік маңызы басым бағыттар санатында болғандықтан, еліміздің қай аумағында болмасын спортқа зор көңіл бөлінуде. Жезқазғанда да дені сау ұрпақ тәрбиелеп, тұрғындардың бұқаралық спортпен айналысуына барынша жағдай жасалуда. Биыл пайдалануға берілген бес көпсалалы корт соған дәлел болса керек.

Былтыр Елбасының бұқаралық спортты дамыту тапсырмасын орындау аясында жергілікті қазынадан 37 млн 752 мың теңге қаражат қарастырылып, №10, 13, 21, 26 мектептерде ойын алаңының құрылысы басталған-ды. Қала орталығынан тысқары орналасқан №10 және 13 мектептегі корт құрылысының аяқталуы сол ықшам аудандағы тұрғындар үшін үлкен сый болғанын көзімізбен көрдік. Өйткені, мыңнан астам оқушысы бар бұл мектептерде оқушыларға спорт залда жаттығуға тура келетін. Енді олар таза ауада бос уақытын тиімді әрі денсаулығына пайдалы етіп өткізе алады.

Жаңа 2018-2019 оқу жылын №1, 22 мектептің және Қ.Сәтбаев атындағы №7 мектеп-лицей оқушылары да үлкен қуанышпен қарсы алды. Биыл олардың игілігіне де жаңа спорт алаңы пайдалануға берілді. Айта кететіні, Жезқазған қаласының қарамағына енген ауылдар да назардан тыс қалмады. Кеңгір мен Талап селоларындағы орта мектептер де жаңа кортпен толықты. Осы корттың құрылысын жүргізу үшін 33,4 млн. теңге жұмсалды. Мердігер компаниясы – «Алтын Nomad2030» ЖШС.

Мектеп ауласында салынғаны болмаса, корт барша спортпен айналысамын деген құлшынысы бар тұрғындарға арналған. Жаңа ойын алаңыдарында теңбіл допты қуалап, футболға машықтануға барлық жағдай жасалған. Ал, қыста хоккей ойнап, коньки тебу үшін мұз құйылады.

Ел игілігіне берілген спорт нысандарының ұзақ қызмет етуі тұрғындарға тікелей байланысты. Осы орайда, қала жұртшылығын Үкіметтің жастарға, болашағымызға деген қамқорлығын жіті түсініп, қолда бар алтынды бағалауға шақырамыз. Аталмыш корттарда балаларымыздың баласы спортпен шұғылданып, денесін шынықтырып жүрсе, қандай жарасымды?!...

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары