$ 443.44  480.51  4.88

Қазақстандық клубтар Еуропа Лигасы іріктеу кезеңінің екінші айналымына өтті

Кеше қарағандылық «Шахтер» мен елордалық «Астана» футбол клубтары өз алаңында қарсыластарын айқын басымдықпен жеңсе, Алматының «Қайраты» Албанияда жергілікті «Кукеси» командасымен тең болып ойнады.

Алғаш болып Қарағандының «Шахтеры» Армениядан келген «Ширак» командасының қақпасына жауапсыз төрт доп соқты. Алғашқы гол қақпашы Всеволод Ермаковтың өрескел қателігінен кірді. Оның қайтарған добы өз қорғаушысының аяғына тиіп қақпаның бос бұрышынан табылған. Мұнан кейін Ұлан Қонысбаев пен Никола Покривач және Андрей Финонченко бір-бір голдан соғып шықты.

Екінші айналымда «Дифферданж» (Люксембург) - «Атлантас» (Литва) кездесуінің жеңімпазымен күш сынасатын болады.

«Астана» футбол клубы да Армениядан келген қонақтарды жерге қаратты. Ереванда жергілікті «Пюник» командасын 4:1 есебімен жеңіп келген «астаналықтар» бұл жолы Астанада өткен матчта 2:0 есебімен басым түскен болатын.

Астаналық команда үшін келесі матч 24 шілдеде өтеді. Жерлестерімізді Израильдің «Хапоэл» командасымен бақ сынаспақ.

Сонымен қатар, алғашқы ойынын Алматыда өткізген «Қайрат» албаниялық «Кукеси» командасын 1:0 есебімен жеңді. Кеше Албаниядағы қарымта кездесуде күш сынасқан қос команда есепті аша алмай тең тарқасты. Бұл нәтиже «Қайратты» іріктеу кезеңінің екінші айналымына өткізді.

24 шілде күні жерлестеріміз Данияда жергілікті «Эсбьерг» командасымен кездесетін болады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары