07.10.2015, 04:33

«Еуразия Барысы» ІІІ халықаралық турнирінде Қазақстан намысын кімдер қорғайды?

Фото.reactor.inform.kz

Қазақ хандығының 550 жылдығына орай қазан айының 9 күні «Тараз-Арена» спорт сарайында қазақ күресінен ІІІ халықаралық «Еуразия Барысы» турнирі болады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».

Бүгін 2015 жылғы ІІІ халықаралық «Еуразия Барысы» турнирінде сегіз мемлекеттен жалпы саны 56 балуан қатысатыны белгілі болды. Бұған дейін балуандардың салмақ дәрежесі 60, 70, 80, 90 және + 90 келі болып белгіленген еді. Биыл бұл ереже өзгеріп, балуандар 55, 66, 74, 82, 90, 100 және 100 келіден жоғары салмақта кілемге шығады. 

Турнирдің үзілмес дәстүрі бойынша ұйымдастырушы тарап көрермендер арасында лотерея ойындарын өткізуді де жоспарлап отыр. Онда қазақ күресінің жанкүйерлері бағалы сыйлықтармен қатар, ең құнды сыйлық - автокөлікке иелік етпек. Ал турнирдің жалпы жүлде қоры 18 800 000 теңге. Бірінші орын алған команда 9 400 000, екінші орын алған команда 5 640 000, үшінші орын алған команда  3 760 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлыққа ие болады.

Естеріңізде болса, «Еуразия Барысы» турнирі алғаш рет 2013 жылы ұйымдастырылған болатын. Алғашқы жарыста 8 мемлекеттің командасы бақ сынаса, былтыр 12 мемлекеттің балуандары командалық сында өзара мықтыны анықтады. Биылғы  турнирге Моңғолия, Ресей, Польша, Грузия, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия балуандарымен қатар Қазақстан балуандары командалық сында бақ сынайды.

Қазақ күресінен ІІІ халықаралық «Еуразия Барысы» турниріне қатысатын қазақстандық балуандар: 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Айдос Сейпілұлы, 66 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Бағдаулет Сәбитұлы,74 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Ринат Махмутов, 82 келіге дейінгі салмақта Мақсат Мәзібаев, 90 келіге дейінгі салмақта Бекзат Ахметбеков,100 келіге дейінгі салмақта Мұхит Тұрсынов, 100 келіден жоғары салмақ дәрежесінде Айбек Нұғымаров, ал қосалқы құрамда Бейбіт Ыстыбаев қатысады.