IВO және WBA версиялары бойынша орташа салмақ дәрежесіндегі әлем чемпионы қазақстандық боксшы Геннадий Головкин Флойд Мейуезерді жекпе-жекке тағы бір мәрте шақырды.
GGG boxingscene.com сайтына берген сұхбатында америкалық былғары қолғап шебері туралы былай деді: «Мейуезердің спорттық мансабы әлі аяқталған жоқ. Ол ақшаның есебін білетін бизнесмен және ақылды жігіт. Мен онымен жекпе-жек өткіземін деген үміттемін. Бокс - жасқа қатал шектеу қоятын спорт. Уақыт өтіп кетпес бұрын неге біздерге бақ сынап көрмеске?». Естеріңізге сала кетсек, 13 қыркүйекте Флойд Мейуезер мансабындағы ең соңғы кездесуін өткізіп, бокстан кеткен болатын. Геннадий Головкин 17 қазанда Нью-Йоркте канадалық боксшы Давид Лемьемен рингке шығып, WBA версиясы бойынша суперчемпион атағы үшін бақ сынайды.