Аралас жекпе-жектен қазақстандық палуан Қуат "Найман" Хамитов ресейлік Fight Nights Global промоушны жариялаған белбеу үшін әзірбайжандық Нариман Аббасовпен төбелесіп, жеңіліп қалды.
Кездесу Мәскеу түбіндегі Мытищи елдімекенінде FNG 93 турнирі аясында өтіп, 5 раундқа жалғасты. Төрешілер 48-47, 47-47 және 48-47 есебімен жеңісті әзірбайжан палуанына берді. Айта кету керек, жекпе-жек алдында Хамитовтың салмағы асып кеткендіктен, төрешілер оның ұпайын кеміткен болатын.
Кездесу аяқталған соң қазақстандық спортшы төрешілер шешімімен келіспейтінін айтып, нәтижені қайта қарау үшін апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді.
"Мен ұпай бойынша жеңіске жеткеніме сенімді едім. Бірақ, төрешілер әдеттегідей басқаша есептейді. Мен екі раундты айқын жеңдім. Қалған үш раундта тең ойнадық. Төрешілер қайта қарауы керек, біз шағым түсіреміз", - деді Қуат "Найман" Хамитов.