25.11.2015, 03:30

АУЫР АТЛЕТИКА: Нижат Рахимов ел қоржынына алғашқы алтынды салды

АҚШ-тың Хьюстон қаласында өтіп жатқан ауыр атлетикадан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының қоржынына алғашқы алтын медаль түсті. 77 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен жерлесіміз Нижат Рахимов жарыс чемпионы атанып, біріншіліктегі алғашқы сенсацияны жасады.

 

22 жастағы қазақстандық атлет жұлқа көтеру жаттығуында алдымен 155, кейін 160 және үшінші мүмкіндігінде 165 келі тартатын зілтемірді оңай көтеріп, алғашқы кезеңді төртінші орынмен аяқтаған. Бұл кезеңде бірінші орынды қытайлық ауыратлет, үш дүркін әлем чемпионы және Олимпиада чемпионы Люй Сяоцзинь (175 келі) иеленсе, екінші орын солтүстіккореялық Ким Гван Сонға (171 келі), үшінші орын армян Андраник Карапетянға (167 келі) бұйырды.

Ал, серпе көтеруде Рахимов алдымен 195 келіні, кейін 207 келі тартатын зілтемірді көтеріп, қарсыластарынан оқ бойы ұзап шықты. Ал, чемпионаттың алтынына басты үміткер болған қытайлық Сяоцзинь болса бұл жаттығуда өзінің бірде-бір мүмкіндігін пайдалана алмай, медальсыз қалды. Жерлесіміз үшінші мүмкіндігінде 211 келіге тапсырыс бергенімен, бұл салмақты бағындыра алған жоқ. Дегенмен, бұл оның чемпион атануына кедергі бола алмады.

Қос жаттығудың қорытындысы бойынша, Рахимов пен КХДР өкілі Ким Гван Сонның нәтижелері бірдей болған еді (372 келі). Алайда, қазақстандық атлеттің салмағы қарсыласынан төмен болғандықтан, жеңіс Рахимовқа бұйырды.