23.06.2019, 10:44

Ермахан Ибрайымов Головкиннің уақыты өткенін айтты

Коллаж: sn.kz
«Өзім де рингке шығып жұдырықтастым, сондықтан уақытты мойындау керек екенін білемін», - дейді ол.

Танымал қазақстандық боксшы, 2000 жылғы Олимпиаданың чемпионы Ермахан Ибрайымов Sports.kz порталына берген сұхбатында Геннадий Головкинге мексикалық Сауль «Канело» Альвареске қарсы үшінші жекпе-жекке шықпау қажеттігін айтты, деп жазады Sputnik.

Журналист «Головкин енді жаңа бапкер Джонатон Бэнкспен жұмыс істейді. Бұл шешім оның карьерсын дамытуға қалай көмектесуі мүмкін?» деген сұрақ қойды.

«Ашығын айтайын, жаңа бапкер Головкинге қандай да бір жаңашылдық ұсынып көреді, алайда бұған Геннадийдің өзі қабілетті болып, іліп әкетуі керек. Уақыт ешкімді аямайды. Сондықтан Головкинге бір-екі жекпе-жек қана өткізуі керек, дегенмен еш уақытта Альвареспен кездесудің қажеті жоқ», - деді Олимпиада чемпионы.

Ермахан Ибрайымовтың пікірінше, Альварес едәуір жылдам, техникасы да мықты.

«Ендігі Головкиннің жылдамдығы жетпейді. Альварес жылдамырақ. Бұл уақыттың өткенін білдіреді. Рингтен әдемі кетіп, кәсіпқой бокста менеджер немесе промоутер болу керек. Өзім де рингке шығып жұдырықтастым, сондықтан уақытты мойындау керек екенін білемін», - дейді ол.

Ибрайымов әңгіме арасында Геннадий Головкин Қазақстанды лайықты деңгейде танытқанын атап өтті.

«Біз оған лайықты бағасын береміз, үлкен құрметпен қараймыз. Алайда барлығы аяқталады», - деп өзін түйіндеді ол.