Қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Ислам (25-0-0,20КО) алматыда өтетін жекпе-жегінде доминикалық Жулио Де Жесуспен (27-1-0, 24KO) жұдырықтасады, деп хабарлады «QAZAQ PROMOTIONS» промоутерлік компаниясы Instagram-парақшасында.
Аяғынан алған жарақатынан соң, 2 жыл уақытын өткізіп алған Қанат Ислам 5 маусым күні Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы мәдениет және спорт сарайында орта салмақтағы WBO Inter-Continental белдігі үшін жекпе-жек өткізеді.
Сонымен қатар, бокс кеші барысында Қанат Исламнан бөлек бірнеше спортшымыз өнер көрсетеді. Олардың ішінде Мадияр Ашкеев (12-0-0, 6КО), Абылайхан Құсайынов (9-0-0, 6KO), Руслан Мырсатаевтар (5-0-0, 5KO) бар.
Еске салайық, Қанат Ислам соңғы рет 2017 жылдың 9 қыркүйегінде жұдырықтасқан. Сол жекпе-жегінде алғашқы орта салмақта WBO NABO және WBA-NABA белбеулері үшін канадалық Брэндон Кукты (20-2, 13 КО) нокаутқа түсірген.