Каталондық "Барселона" футбол клубы қаржылай қиындықтарға байланысты құрамдағы ең үздік екі ойыншысын сатуы әбден мүмкін деп жазады The Daily Mail.
Басылым журналисі Пит Дженсонның айтуынша, Месси мен Неймар бюджеті қомақты манчестерлік клубтардың біріне ауысуы ғажап емес. "Барселонаның" проблемасы - ойыншылар мен команда мүшелерінің тым көп жалақы алуында. Клубтың жыл сайынғы табысының 73 пайызы тек жалақы төлеуге кетеді дейді П.Дженсон. Ал, егер "Барселона" өзінің ТОП-ойыншыларын сататын болса бұл командадағы қаржылық тұрақтылықтың сақталуына жағдай жасайды. Өйткені, Месси мен Неймар клубтағы ең шығынды ойыншылар болып есептеледі. Олардың жалақысынан бөлек сыйақысы тағы бар.
"Барселона" жетістікке жиі жеткендіктен ойыншыларына да бонустық сыйақыны жиі беруіне тура келетіні сөзсіз. Биыл Еуропа чемпиондар лигасында сәтті өнер көрсетіп жатқан каталондық клуб жеңіске жетіп жатса тағы да үлкен шығынға батады.
Ал, клуб президенті Хосеп Мария Бартомеу болса ТОП-ойыншылардың ешбірін сатпайтындығын айтып отыр. Оның орнына команда басшылары "Барселона" стадионы "Камп Ноудың" атауын өзгертпекші. Сондай-ақ, Qatar Airways, Nike сынды компаниялармен түзілген демеушілік келісімшарттарды қайта қарастырмақ.