ESPN сарапшысы Дэн Рафаэль украиналық Сергей Деревянченко (13-1, 10 КО) қазақстандық Геннадий Головкинмен (39-1-1, 35 КО) жекпе-жек өткізуге неге лайықты екенін түсіндіріп берді, деп хабарлайды tengrinews.kz, Vesti.kz-ке сілтеме жасап.
Боксшылар орта салмақта IBF титулын сарапқа салады. Бейсенбіде баспасөз мәслихаты жоспарланған, сонда Головкин мен Деревянченко арасындағы жекпе-жек жайлы ресми хабарлануы керек. Кездесу 5 қазанда Нью-Йорктегі Madison Square Garden аренасында өтеді деп жоспарланып отыр.
«Деревянченко Головкин үшін лайықты қарсылас па? Сөзсіз. Оның жасы 33-те, Украинадан, кәсіпқой рингтегі рекорды – 13-1, алайда ол – лайықты қарсылас. Әуесқой карьерасы мазмұнды болды, 2008 жылғы Олимпиада ойындарына қатысты. Кәсіпқой деңгейде тек Дэниэл Джейкобстан жеңілген. Туреано Джонсон мен әлемнің бұрынғы чемпионы Сэм Солиманды ауыр нокаутқа түсірді, сондай-ақ, міндетті үміткер атағы үшін өткен кездесуде Джек Кулкайды ұпай айырмашылығымен сенімді жеңді», - деп жазды Рафаэль.
Халықаралық бокс федерациясы (IBF) Головкин мен Деревянченко жекпе-жегін тамыздың басында тағайындаған болатын. Жақын арада екі тарап жекпе-жек жайлы ресми хабарлайды деп күтіліп отыр.