Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин украиналық қарсыласы Сергей Деревянченкомен жекпе-жегінің алдында мәлімдеме жасады. Танымал боксшы өзінің негізгі қарсыласын атады, деп хабарлайды Stan.kz.
Головкин Boxinginsider.com басылымына берген сұхбатында өзін әлі күнге дейін чемпион сезінетінін айтты. Сонымен қатар ол карьерасындағы негізгі қарсыласы нақты бір адам емес, жас мөлшері екенін айтты..
«Менің ең үлкен қарсыласым – нақты бір адам емес, менің жасым және ынта-жігерім. Мен Деревянченкомен болатын алдағы жекпе-жекке қуаныштымын. Маған Нью-Йорктегі бокс атмосферасы ұнайды», - дейді Головкин.
Сонымен қатар, боксшы қазіргі уақытта бар күш-жігерін салып жұмыс істеп жатқанын айтты.
«Мен біреуден үлгі алмаймын және мұны әдейі жасаймын. Осы жасымда мүмкіндігінше бар күш-жігерімді салып жұмыс істеймін. Ендігі бокс жанкүйерлері мен сарапшылары менің күш-жігерім жеткілікті ме, жоқ па, оны өздері бағалай алады», - дейді қазақстандық боксшы.
Өз сөзінде Головкин өзін жақсы сезінетінін және жекпе-жекке дайын екенін жеткізді. Бұл біз үшін жылдың үлкен жекпе-жегі болады, дейді ол.
Айта кетсек, Деревянченко мен Головкиннің жекпе-жегі 5 қазанда АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы Madison Square Garden аренасында өтеді.