Тбилисиде қазақстандық және грузиялық құрамалар америкалық футболдан жолдастық кездесу өткізді. Алайда матч соңы қазақстандық құрамаға шабуыл жасаумен аяқталған деп хабарлайды Sports.kz сайтына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Ойын Setanta Sports Georgia арнасында тікелей эфирде көрсетілді. Матчтың соңында қазақстандықтар 22:14 есебімен жеңіп келе жатқан кезде Грузия құрамасының ойыншылары төбелес бастады.
Төрешілер төбелесті тудырған алаң иелерінен екі ұпайды алып қойды. Қазақстандық құрама жеңіске жетті. Басылымның мәліметінше, матч аяқтала салысымен Грузия құрамасы жағы Қазақстанның әнұранын қоспауды жөн көрді. Сондай-ақ, бұл ойынның барлық жазбалары сайттардан жойылған.
Қазақстандық команданың бапкері Павел Филипповтың сөзінше, төбелестің басталып кететінін ешкім ойламаған. Құрама тәлімгері дау туғанын растады, алайда ол жағдайдың ушығып кететінін тіпті болжамапты. Сондай-ақ, ол бұл жағдайда барлығы бірдей кінәлі емес екенін алға тартты.
«Грузиялық жігіттердің басым бөлігі біздің жігіттерге шабуыл жасамақ болғандарды ажыратып алмақ болды. Бұл барлық команданың атына кір келтірмейді. Тек кейбір тұлғаларға қатысты», - деп атап өтті Филиппов.
Сонымен қатар, жаппай төбелеске грузиялық тарап та түсініктеме берді. Грузияның америкалық футбол федерациясының вице-президенті Давид Палавандишвили қазақстандық футболшы тарапынан арандатушылық әрекеттер болғанын айтады.
«Соңғы минутта жағымсыз жағдай туындады. Қазақстандық ойыншы грузиялық жігіттің шамына тиді, содан кейін төбелес басталды. Қазақстаннан келген бір адам зардап шекті. Ол бірден ауруханаға жеткізілді», - дейді ол.
Сондай-ақ, ол барлығының жақсы аяқталғанын, тексерістен кейін футболшыны қонақүйге өзі әкелгенін атап өтті. Спорт федерациясы басшысының орынбасары ойыннан кейін бірлескен іс-шара болғанын және барлығы төбелесті ұмытып кеткенін атап өтті.
Палавандишвили бүлік шығарғандарға қатысты санкциялар міндетті түрде болатынын атап өтті. Оларға америкалық футбол ойнауға тыйым салынуы мүмкін.