24.12.2015, 04:48

Серікжан Ешмағамбетов, боксшы: «Головкин, Шүменов секілді мықты қазақтар біздің арамызда да болды»

Өзге спорт түрлерімен салыстырғанда қазақ боксының тарихы әлдеқайда тереңде жатыр. Біздің елді әлем бокс державасы деп таниды. Шоқыр Бөлтекұлы, Әбдісалан Нұрмаханов, Серік Қонақбаевтар негізін қалаған осынау мектептен қаншама Олимпиада және Әлем чемпиондары тәрбиеленіп шықты десеңізші! Бір ғана Қазақстанның өзінде бәсекелестіктің өте жоғары болғандығы сонша, кіл мықтылардың көбі әлемдік деңгейдегі жарыстардан тыс қалып жататын. Ал, осындай ортада өзін мойындатып, алғашқы қазақтардың бірі болып кәсіпқой бокста өнер көрсеткен саңлақ – Серікжан Ешмағамбетов.

Жеңіл салмақта өнер көрсеткен Ешмағамбетов ТМД және славян елдерінің чемпионы, кәсіпқой бокста аса ірі жетістіктерге жетпегенімен, әлемде оны әйгілі Мэнни Пакьяоны ұрып құлатқан қазақ деп таниды.

– Секе, сіздің әуесқой бокста көп аялдамай, кәсіпқой боксқа кетіп қалуыңызға не әсер етті?

– Бокспен басқа балалар сияқты мен де мектепте жүріп айналыса бастадым. Әуесқой бокстағы ең алғашқы жекпе-жегімді 1994 жылы бұрынғы Ақмола, қазіргі Астана қаласында өткізіп, 4 раундтық матчта жеңіске жеттім. Алғашында жақсы нәтижелер көрсетіп жүргенмін. Бірақ, шыны керек, кейінірек әуесқой бокста қолым жүрмей қалды да, боксты тастамақшы болдым. Сөйтіп жүргенде бапкерім көшеде ұстап алып, залға қайта кіргізді ғой. Содан бастап кәсіпқой бокста ойнауға көштім.

Қазір де әуесқойдан гөрі, кәсіпқой боксты көп көремін. «Ударный» боксшылар болмаса, мушкетерлер сияқты түртіп-түртіп ұратындардың жекпе-жегі маған онша қызық емес.

– Кәсіпқой бокста қанша жекпе-жек өткіздіңіз?

– 37 «бой» өткіздім, 24 рет жеңдім, 1 рет тең түстім. 13 қарсыласымды нокаутпен ұттым. 2008 жылы желтоқсан айында 37 жасымда соңғы «бойымды» Тайландта өткізіп, қолғабымды шегеге ілдім.

– 37 жаста рингке шығу қиын болған жоқ па?

– Оңай емес, әрине. Тай елінің Саддам деген боксшысымен шығуға ұсыныс түсті. Маған ақша керек болып, келісімімді бердім. Бірақ адам деген қартайғанша бокстаса беретін темір емес екен, 5-раундтан кейін жекпе-жекті тоқтаттық.

– Филиппиндік Мэнни Пакьяомен қалай кездесіп жүрсіз?

– Екеуміз 2003 жылы кездестік. Ол кезде Пакьяо жеңіл салмақта бокстасады, IBF нұсқасы бойынша Әлем чемпионы. Қазақстанның Кәсіпқой бокс федерациясының ең алғашқы құрылтайшыларының бірі, марқұм Болат Кесікбаев ағамыз маған келіп «Серікжан, Пакьяомен кездесу жасасақ, жекпе-жекке дайынсың ба?» деп сұрады. Ол кезде мен де 57 келіде PABA-ның чемпионымын. Жай кездегі салмағым 63 келіге дейін жететін. Филиппиндікпен кездесу үшін тағы 3-4 келі салмақ қууға тура келді.

…Бірінші раундта Мэнни мені нокдаунға жіберді. Үзілісте демалып алғаннан кейін, екінші раундта мен біраз жақсы соққы жасадым, youtube-тегі роликтерде ол жоқ екен. Төртінші раундтың басында екеуміз біраз «қырылып» қалдық та, сол кезде мен «левый хукпен» құлаттым. Раундтың аяғына дейін әлі уақыт бар еді, Пакьяоны шаршатып алуға болатын. Бірақ рефери Абаинза мені кішкене ығыстырып жіберді де, қарысыласым есін жинап алды. Бесінші раундтың басында Пакьяо мені құлатты, соққысы өтіп кетті. Екінші рет ұрғанда нокдаун болған жоқ, мен қолымды көтеріп, әрі қарай бокстасуға дайын екенімді көрсеттім. Бірақ рефери есеп ашпай, матчты бірден тоқтатып тастады.

– Бұл жекпе-жекте сіз қандай қателік жібердіңіздер?

– Үлкен қателік жасадық деп айта алмаймын. Филиппинге барған соң екі күннен кейін «төбелестік». Акклиматизацияға уақыт болмады, біздің уақытпен түнгі 1-де рингке шықтық. Мүмкін шаршап қалуыма сол да әсер еткен шығар.

Қазіргідей бір жекпе-жекке бірнеше ай бұрын келісімшарт жасап, «бой» өтетін елге бірнеше күн бұрын бару деген бізде болған жоқ қой. 2-3 аптадан кейін жекпе-жек екенін естиміз, дайындыққа кірісеміз, бітті.

– Сіздердің кезіңізде кәсіпқой бокста ақша жағы қалай болды?

– Сол кездегі ақшамен көп деп те, аз деп те айтпаймын. Промоушн деген түсінік енді ғана келген кез ғой. Боксшыға да, бапкерге де, өзіне де ақша таба алатын адам болған жоқ. Себебі, елде ақша болған. Айтқан ставкаға келісім беретінбіз. Қазіргідей жағдай жасалса, Головкин, Шүменов сияқты Әлем чемпиондығына таласатын жігіттер біздің арамызда да болды.

Қазір спорт коммерцияланды. Мемлекет те, бизнесмендер де тоқсаныншы жылдардағыдай емес, спортқа жақсы қарайды. Мықты жігіттерге ақшалай да жақсы көмек бар. Біздің алдымыза бокстасқан ағаларымыз «Біз бір жапырақ қағаз бен медаль үшін төбелесетінбіз» дейді. Олармен салыстырғанда менің буынымның жағдайы тәуірлеу болды, әрине. Ал қазіргі інішектерімізге бізден де жақсы мүмкіндіктер жасалған, мен оған қуанамын.

– Тоқсаныншы жылдары біздің елде кәсіпқой бокс әлі дамымаған, енді-енді көңіл бөліне бастаған уақыт еді ғой?..

– Иә, онша дамымаған уақыт. Біздің алдымызда Кәрімжан Әбдірахманов, Александр Мирошниченко, Евгений Зайцев, Есболат Нұрманов,  Қанат Сиқымбаев, Вадим Присяжнюк сияқты жігіттер бокстасқан. Кейін оларға біз қосылдық.

Негізі, кәсіпқой бокс дамыған елдерде мықты боксшыға жағдайда да жақсы жасайды. Жеке бапкерін айтпағанда, физикасын тексеретін бір адам, «лапа» ұстайтын бір адам… дегендей, тұтас команда бір боксшыға жұмыс істейді. Біздің кезімізде жалғыз бапкерің массажды да жасайды, «лапаны» да ұстады, промоушен де сол айнылысатын. Кейде Тайланд, Филиппин сияқты елдерге барғанда, тамағын іше алмайсың. Кәдімгідей қарның ашып, әлсіреп қаласың. Тамақ ішемін деп, ұшынып ауырып қалған жігіттерді де көрдік.

– Қазір немен айналысып жүрсіз?

– Алматы Құрылыс және менеджмент колледжінде дене шынықтыру мұғалімі болып істеймін. Кешке колледж залында балалаларды боксқа баулимын. Жарыстарға төреші болуға шақырып тұрады.

– Спорттық карьераңызға өкініш бар ма?

– Өкініш бар болса да, жоқ болса да, ол туралы ештеңе дей алмаймын. Өмір ғой, артқа кері айналдыра алмайсың. «Кезінде бүйту керек еді, сөйту керек еді» деп көп ойлай берсең, ешқашан алға жүрмейсің.

Нұртөре САМАРҚАН