Португалдық футбол маманы Жозе Коусейру Қазақстан ұлттық құрамасына бас бапкер болып тағайындалуы мүмкін деп жазады kazfootball.kz.
Порталдың мәлімдеуінше, ҚФФ президенті Ерлан Қожағапанов 53 жастағы бапкермен келіссөздер жүргізіп, оны Қазақстанға шақырған. Коусейру бұған дейін "Порту", "Спортинг", "Белененсиш", "Локомотив" (Мәскеу) және "Газиантепспор" сынды командаларды жаттықтырғанын айта кету керек. Ал, оның соңғы жұмыс орны португалдық "Эшторил" футбол клубы. Бұл жерден оны төмен нәтиже көрсеткені үшін шығарып жіберген болатын.
Сондай-ақ, федерация италиялық маманмен де келіссөздер жүргізіп жатыр. Дегенмен, оның аты-жөні әлі жарияланған жоқ.
Естеріңізге салайық, бұған дейін ұлттық құраманы жаттықтырған ресейлік Юрий Красножан мардымды нәтиже көрсете алмаған еді. Нәтижесінде, федерация онымен келісімшартты ұзартқан жоқ.