26.01.2016, 04:17

Мария Шарапова Серена Уильямстан 18-рет жеңілді

Ресейлік танымал теннисші Мария Шарапова Мельбурн қаласында өтіп жатқан Australian Open турнирінің ширек финалында сүрінді. Орыс қызы осымен 18-ші рет америкалық теннисші, әлемнің бірінші ракеткасы Серена Уильямстан жеңіліп отыр.

1 сағат 35 минутқа созылған матч 6:4, 6:1 есебімен аяқталды. Қарсыластар өзара осымен 20-шы рет кездесіп отыр және оның 18-де америкалық теннисшінің мерейі үстем болған. Шарапова мен Уильямс осы Аустралия біріншілігінің финалында екі рет жолықанын да айта кету керек.

Мария Шарапова америкалық теннисшіні тек 2004 жылы 2 рет қана жеңген. Оның бірі Уимблдондағы финалда, екіншісі Лос-Анджелесте өткен турнирдің финалында.

Шараповадан сүрінбей өткен Уильямс болса жартылай финалда поляк қызы Агнешка Радванскамен кездеседі. Радванска бүгін испан Карла Суарес Наварроны жеңген болатын.

Айта кетейік, Уильямс Australian Open турнирін алты рет жеңіп алған. Аталған жарыстың жалпы жүлде қоры 30 миллион доллардан асады.