Лондондық «Челси» футбол клубының қорғаушысы Джон Терри маусым аяқтала салысымен өзге клубқа ауысатынын мәлімдеді деп жазады Mirror.
35 жастағы команда капитанының келісімшарты биыл маусым айында соңына жетеді. Ал, клуб басшылары ардагер ойыншымен келісімді одан әрі созуды жөн көрмепті.
Кеше Англия кубогінің 1/16 финалында «Челси» «Милтон-Кинс Донс» командасын 5:1 есебімен жеңгеннен кейін Терри клубпен біржолата қоштасатынын мәлімдеді.
«Өкінішке қарай, мен спорттық жолымды Лондонда аяқтай алмаймын. Маусым аяқталғаннан кейін өзге клубқа ауысуға тура келіп тұр. Өз жанкүйерлеріме бір ғана нәрсені уәде ете аламын, мен ағылшын клубтарының ешбіріне ауыспаймын, өйткені «Челсиге» қарсы ойнау мен үшін мүмкін емес. Сондықтан, мүлдем елден кетемін деп жоспарлап отырмын» деді даңқты футболшы.
Айта кетейік, «Челси» сапына Джон Терри 1995 жылы қосылған. Ал, 1998 жылдан бастап ол негізгі құрамнан орын алды. Аталған клуб үшін ол барлығы 478 ойын өткізіп, 40 гол соққан. Сондай-ақ, Англия ұлттық құрамасының сапында 78 матчта жасыл алаңға шығып, 6 голмен көзге түскен.
Терри «Челсимен» бірге Англия чемпионатының 4 дүркін чемпионы (2004/05, 2005/06, 2009/10, 2014/15), Англия кубогінің 5 дүркін иегері (2000, 2007, 2009, 2010, 2012), Ағылшын лигасы кубогінің 3 дүркін чемпионы (2005, 2007, 2015) атанып, Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасын бір-бірден жеңіп алған.