17.03.2016, 11:27

Алматыда Жансая Әбдімәлік шахмат академиясының филиалы ашылды (ФОТО)

Бүгін Алматы қаласында «Жансая Әбдімәлік Шахмат академиясы» филиалының ашылу рәсімі өтті. Салтанатты шараға шенді-шекпенділермен бірге шахматтан әлемнің 12-ші чемпионы Анатолий Карпов та қатысты. Бұған дейін 2014 жылы жас шахматшының негізгі академиясы Астанадан ашылған болатын.

Жобаны «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры және «Астана» Президенттік кәсіпқой спорт клубы қаржыландырып отыр. Басты мақсат - Қазақстанда шахмат спортын дамыту, онымен айналысып жатқан жеткіншектердің кәсіби деңгейін көтеру және осы салада сапалы білім беру. Сондай-ақ, академия филиалы бұқаралық спортты балалардың арасында дамытумен де айналысатын болады.

Академия өз қызметін жүзеге асыру барысында әлеуметтік жобаларды дамытуды қарастырады, соның ішінде:

1. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларды шахмат өнеріне баулу;

2. Аутизм дертіне шалдыққан балаларға шахмат ойынын үйрету.

Академия тәрбиеленушілері үшін Қазақстан, Грузия, Украина елдерінің жетекші жаттықтырушылары білім береді. Қазіргі таңда шәкірттер саны 300 адамнан астам, жастары 4-тен жоғары. Олардың көбі республикалық турнирлер мен әлем біріншіліктерінің жеңімпаздары және жүлдегерлері.

Айта кетейік, Жансая Абдімәлік – қазақстандық шахматшы, қыздар арасында төрт мәрте әлем чемпионы, әйелдер арасында халықаралық шебер және гроссмейстер. 2013 жылдың қорытындысы бойынша FIDE федерациясы Азияның ең үздік шахматшысы деп танылды (20 жасқа дейінгі).