Алматылық «Қайрат» футбол клубының бас бапкері Александр Бородюк қызметінен кетті. Бұл туралы клубтың баспасөз қызметі хабарлады деп жазады Baq.kz.
«Клуб басшылығы ресейлік маманды қалдыруға тырысқан болатын. Алайда, Александр Бородюк қызметінен кету туралы шешім қабылдады. «Қайрат» клубы осы уақытқа дейін істеген жұмысына алғыс білдіріп, әрі қарай табыс тілейді», – делінген баспасөз хабарламасында.
«Қайрат» Қазақстан чемпионатының алғашқы үш турының қорытындысы бойынша екі рет жеңіліп, бір рет тең түсті. Команда қоржынында әзірге жалғыз ұпай бар. Айта кетерлік бір жайт, 8 наурызда Александр Бородюк «Қайрат» командасымен алғаш рет Қазақстан суперкубогын ұтып алған еді.
«Қайрат» жексенбі күні Оралда «Ақжайықтан» жеңілгеннен кейін Александр Бородюк бар жауапкершілікті өз мойнына алатынын айтқан болатын.
Еске сала кетейік, Александр Бородюк бапкерлік жолын 2001 жылы «Крылья Советов» командасынан бастаған. Одан кейін Ресей жастар құрамасын жаттықтырды. Сосын Гус Хиддиник, Дик Адвокат секілді голландиялық бапкерлер Ресей құрамасының бас бапкері болғанда, аға жаттықтырушы қызметін атқарды. Ал 2013 жылы мәскеулік»Торпедоны» Ресейдің Премьер-лигасына алып шықты. «Қайратпен» 3 жылдық келісімшартқа қол қойған еді.