Наурыз айының басында допинг дауына іліккен әйгілі теннисші Мария Шарапова Парижде өтетін «Ролан Гаррос» турниріне қатысатын спортшылардың қатарына енді. Бұл туралы ақпарат турнирдің ресми сайтында жарияланды.
Бүгін Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік (WADA) өкілдері Шарапованың қанынан табылған 1 микрограмм мельдоний затының допинг болуға тым аз көрсеткіш екенін айтып, оның жарыстарға қатысуына рұқсат берген болатын. Аталған анализді теннисші ағымдағы жылдың 1 наурызында өткізген.
Естеріңізге салайық, 7 наурыз күні Мария Шарапова журналистермен кездесіп, өзінің допинг дауына іліккенін айтқан болатын. Ол Австралия ашық біріншілігіне қатысқан тұста қанынан мельдоний затының табылғанын айтқан. Алайда, өзінің пікірінше, аталған препарат оның ағзасына Милдронат дәрісімен бірге түскен болуы мүмкін. Ал, Милдронатты спортшылар жүрекке артық салмақ салмауы үшін пайдаланады.
12 наурыздан бастап WADA Шарапованың жарыстарға қатысуына уақытша тыйым салды. Ал, «Ролан Гаррос» Парижде биыл 22 мамырда басталып, 5 маусымда мәресіне жетеді.