05.06.2016, 13:59

Алматы әкімі Назым Қызайбайға көлік пен 1 млн теңге сыйлады

Алматы әкімі Бауыржан Байбек қыздар арасындағы бокстан әлемнің екі дүркін чемпионы Назым Қызайбайға автомобиль мен 1 миллион теңге сыйлады. Бұл туралы Informburo.kz порталы хабарлады.

Алматыда дәстүрге айналған велошеруден кейін Бауыржан Байбек боксшыны әлем чемпионатындағы жеңісімен құттықтап, көлік кілтін салтанатты түрде тапсырды.

Қызайбай әкімнен көлік кілтімен бірге 1 миллион теңгенің сертификатын және Алматыдағы фитнесс-клубтардың біріне 1 жылдық абонементті де алды. Сондай-ақ, боксшының бапкері Жұмабек Өмірзақовқа әкім атынан 1 миллион теңгенің сертификаты сыйға берілді.

Естеріңізге салайық, Назым Қызайбай күні кеше Астанада өткен қыздар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы атанды. 2014 жылғы Оңтүстік Кореяда өткен әлем чемпионатында да ол топ жарған болатын. Ал, 2012 жылы Қытайда өткен біріншілікте Назым Қызайбай үшінші орыннан көрінді.